23 мамырдан бастап Алматы қаласының бірқатар көшесінде көлік қозғалысының жаңа тәртібі енгізіледі, деп хабарлайды ult.kz.
Қалалық Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, Уәлиханов көшесінің Қабанбай батыр көшесінен Қазыбек би көшесіне дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта біржақты қозғалыс ұйымдастырылады.

Сонымен қатар Жуков көшесінде оңтүстік бағытта және Манаев көшесінде солтүстік бағытта Затаевич көшесінен Ахмедьяров көшесіне дейінгі аралықта да біржақты қозғалыс енгізіледі.

Мамандардың айтуынша, бұл шешім Алматы қаласы Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп қабылданған. Негізгі мақсат – көлік жүктемесін азайту, көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыру және жолдағы кептеліс пен қауіпті жағдайлардың санын төмендету.
Басқарма өкілдері өзгерістер қазіргі көлік жағдайына жүргізілген талдау мен аудан тұрғындарының өтініштері негізінде қабылданғанын атап өтті.
Сондай-ақ жаңа қозғалыс тәртібі әзірге пилоттық режимде іске қосылады. Мониторинг нәтижесіне қарай алдағы уақытта қосымша шешімдер қабылданбақ.