Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев ауданда 2026 жылғы қаңтар–шілде айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 743,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 28,8%-ға артқанын мәлімдеді.
Осы кезеңде бөлшек сауда тауар айналымы 290,9 млрд теңгеге, негізгі капиталға салынған инвестиция 279,5 млрд теңгеге жетті.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 576,6 млрд теңге болса, соңғы жеті айда 743,8 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі 151,9%-ды құрады. Қаланың жалпы өнеркәсіп өндірісі көлемінің 42,5%-ы Алатау ауданына тиесілі.
«Өнеркәсіп секторы аудан дамуының негізгі бағытының бірі болып қала береді. Қазір өнеркәсіп өнімінің көлемі былтырғы осы уақытпен салыстырғанда оң өзгеріс көрсетіп отыр», – деп атап өтті Данияр Қырықбаев.
Сондай-ақ сауда айналымы 11%-ға өсіп, 290,9 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 279,5 млрд теңгені құрап, бір жылда 81,9 млрд теңгеге артты. Ал жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 119,9 млрд теңге салық түсті. Оның 47,5 млрд теңгесі республикалық, 72,1 млрд теңгесі жергілікті бюджетке бағытталды.