Биыл Алматыда жаз ерекше ыстық болуы мүмкін. Синоптиктердің болжамынша, маусым айында ауа температурасы +41 градусқа дейін көтеріліп, қалада жаңа рекорд тіркелуі ықтимал, деп хабарлайды ult.kz.
“Қазгидромет” мамандары соңғы жылдары экстремалды ауа райы құбылыстары жиілеп кеткенін айтады. Осыған байланысты биыл Алматыда бұрын-соңды болмаған аптап күндер болуы ғажап емес.
Метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кісебаевтың сөзінше, қалада кем дегенде бір күн температуралық рекорд жаңаруы мүмкін. Бұған дейін Алматыдағы ең жоғары температура 1983 жылы тіркеліп, сынап бағаны +43 градусқа дейін жеткен еді.
Синоптиктердің айтуынша, бұлттың аз болуы мен желдің баяу соғуы ыстықты бұрынғыдан да ауыр сездіруі ықтимал. Мұндай күндері Алматыда ауа айналымы баяулап, зиянды қалдықтар қала үстінде жиналып қалуы мүмкін. Соның салдарынан мегаполисті түтін тұманы басып, ауа сапасы күрт нашарлауы ғажап емес.
Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында далада ұзақ жүрмеуге, көбірек су ішуге және денсаулыққа мұқият қарауға кеңес береді.
Дегенмен синоптиктер жаз бойы тек аптап болмайтынын да айтады. Шілде мен тамыз айларында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, екпінді жел тұруы мүмкін.