Freedom Inside '26

Алматыдағы көшелердің біріне Денис Теннің есімі берілді

Алматыдағы көшелердің біріне Денис Теннің есімі берілді
ашық дереккөз

Алматыда Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің есімі көшелердің біріне ресми түрде берілді, деп хабарлайды ult.kz. Tengri Life-қа сілтеме жасап.

Жаңа көше Бостандық ауданындағы Архат шағынауданында, Тұңғыш Президент саябағының оңтүстігінде орналасқан. Бұрынғы 7-көшеге Денис Теннің есімі берілді.

Бұл шешім Алматыдағы бұрын атауы болмаған көшелерге ресми атау беру жұмыстары аясында қабылданды. Жалпы қаладағы Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы 150-ден астам көшеге жаңа атау берілген.

Ресми құжатқа сәйкес, Архат шағынауданындағы өзге көшелер де белгілі тұлғалардың құрметіне аталды. Атап айтқанда, 2-көшеге – Әмен Қайдаровтың, 3-көшеге – Байдұлла Сабдыкеевтің, 4-көшеге – Сарқанның, 5-көшеге – Ғаббас Жұматовтың есімі берілді. Ал тұйық көшелердің бірі Сілеті, екіншісі Хромтау атауын иеленді.

Сонымен қатар Алматының басқа аудандарындағы атаусыз көшелерге де қоғам қайраткерлерінің, мәдениет пен ғылым өкілдерінің, сондай-ақ қалалар мен тарихи-географиялық нысандардың атауы берілді. Олардың қатарында Амантай Байтанаев, Хо Ши Мин, Наталья Сац, Қайым Мұхамедханов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұзафар Әлімбаев, Смайыл Өтегенов, Мауытхан Сыдықов, Бекеш Мәдәлиев және Анатолий Храпатый сияқты тұлғалардың есімдері бар.

Еске салайық, Денис Теннің есімін Алматы көшелерінің біріне беру туралы шешім былтыр күзде белгілі болған еді. Ол көрнекті тұлғалардың есімін мәңгі есте қалдыруға бағытталған қалалық бағдарлама аясында қабылданған.

Денис Тен – Қазақстан тарихындағы ең табысты мәнерлеп сырғанаушылардың бірі. Ол 2014 жылы Сочиде өткен Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдесін жеңіп алып, еліміздің мәнерлеп сырғанау тарихында ерекше із қалдырды. Спортшы 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда автокөлігінің айнасын ұрламақ болған күдіктілерді тоқтатпақ болған сәтте алған жарақатынан көз жұмған.