Freedom Inside '26

Алматыдағы әйгілі неке сарайы мемлекетке қайтарылады

Алматыдағы әйгілі неке сарайы мемлекетке қайтарылады
forbes.kz

Алматыдағы «Жас Отау» неке сарайы сенімгерлік басқарудан шығарылып, қайтадан қала әкімдігінің балансына қайтарылады, деп хабарлайды ult.kz.

24.kz телеарнасының хабарлауынша, тарихи ғимарат 2024 жылы жеке компанияның сенімгерлік басқаруына берілген. Алайда осы уақытқа дейін нысанда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталмаған.

Келісімшарт талаптарына сәйкес, басқарушы компания жергілікті маңызы бар сәулет ескерткішін жаңғыртуға 1 миллиард теңгеден астам инвестиция салуға міндеттенген. Бірақ бүгінде бұрынғы АХАЖ ғимаратының ішінде құрылыс материалдары мен қоқыс үйіліп жатыр.

Осыған байланысты Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасы сенімгерлік басқару шартын бұзу рәсімін бастады. Ведомствоның мәліметінше, нысан қайтадан коммуналдық меншікке өтіп, оны жаңғырту жұмыстары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

«Келісімшартта көзделген міндеттемелер белгіленген мерзімде орындалмағандықтан, сенімгерлік басқару шартын бұзу рәсімі жүргізілуде. Кейін нысан Алматы қаласының коммуналдық меншігінде қалады және әкімдік заңнамада белгіленген тәртіппен жобалау және құрылыс жұмыстарына кіріседі», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасы бөлімінің бас маманы Мақпал Ишенова.

Әзірге қайта жаңғырту жұмыстарының нақты қашан басталатыны белгісіз.