Алматыда жалған доллар жасағандар сотталды

Алматыда жалған доллар жасағандар сотталды

Алматыда жалған АҚШ долларын жасағандар сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жалған АҚШ долларын сақтаумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

«2020 жылдың тамыз айында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Алматы қаласының аумағында жалпы сомасы 4 200 доллар болатын 42 дана 100 АҚШ доллары номиналындағы жалған шетел валютасын сатумен айналысатын екі адамнан тұратын қылмыстық топ әшкереленіп, ұсталды», делінген хабарламада.

Сот үкімімен айыпталушылар Қылмыстық кодекстің 231-бабы 2-бөлігі 2,3-тармағы (жалған ақшаны немесе бағалы қағаздарды дайындау, сақтау, тасымалдау немесе өткізу) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі әртүрлі жаза мерзіміне сотталды.