Алматыда зейнеткерді ұрып-соққан ер адам бір жылға сотталды

Алматыда зейнеткерді ұрып-соққан ер адам бір жылға сотталды
24.kz

Алматыда Қарғалы шағынауданындағы аялдамада 66 жастағы әйелді ұрып-соққан 26 жастағы ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға 23 сәуірде болған. Ер адам еш себепсіз әйелдің басы мен бетінен бірнеше рет ұрып, тепкен. Шабуыл сәті бейнебақылау камерасына түсіп, әлеуметтік желіде тараған.

Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келгенін анықтады. Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ сотталған азаматтан жәбірленушінің пайдасына 534 348 теңге материалдық шығын, 500 мың теңге өкіл қызметіне кеткен шығын және 500 мың теңге моральдық зиян өндірілді.

Сот құжаттарына сәйкес, ер адам бұған дейін де сотталған. 2020 жылы ол пәтеріне басып кірген екі адаммен жанжал кезінде олардың бірінің өліміне себеп болған. Іс қажетті қорғаныс шегінен шығу ретінде сараланып, оған екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.