Алматыда заңсыз құрылысқа бақылау күшейтілді

Алматыда заңсыз құрылысқа бақылау күшейтілді
Алматы қаласы әкімдігі

Жыл басынан бері Алматыдағы құрылыс нысандарында 600-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалды тапсырмасы аясында қала құрылысы саласындағы бақылау мен заңсыз құрылыс нысандарын анықтау жұмыстары күшейтілуде.

Жалпы, 2026 жылы 658 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша әкімшілік шаралар қабылданып, құрылыс нормаларын бұзушылықтарды жою туралы 261 нұсқама берілді. Бұл туралы қалалық қала құрылысы бақылау басқармасы хабарлады.

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда соттарда құрылыс нормалары мен заң талаптарын бұзу фактілері бойынша 37 талап-арыз қаралуда. Оның ішінде 24 іс нысандарды бұзу мәселесіне қатысты.

Жыл басынан бері Алматыда 36 нысан толық немесе ішінара сүрілген. Сонымен қатар, заңсыз құрылыстарды бұзу бойынша 74 атқарушылық парақ әділет департаментінің өндірісінде жатыр.