Алматыда мемлекеттік қызметтерді жеке менеджер арқылы алуға болады. Маман құжаттарды рәсімдеудің барлық кезеңінде сүйемелдеп, қажет болған жағдайда азаматтың үйіне де барады, деп хабарлайды ult.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалының мәліметінше, «Жеке менеджер» қызметі барлық ХҚКО-да, соның ішінде мамандандырылған орталықтарда қолжетімді. Құны кәдімгі ХҚКО-да – 5 697 теңге, мамандандырылған ХҚКО-да – 6 306 теңге. Ал көшпелі қызмет көрсету құны – 7 447 теңге.
Үйге шақырылған маман ХҚКО-да көрсетілетін бірқатар мемлекеттік қызметтерді рәсімдеуге көмектеседі. Алайда паспорт пен жеке куәлік, жүргізуші куәлігін рәсімдеу және көлікті қайта тіркеу қызметтері көшпелі форматта көрсетілмейді.
Қызметке өтінімді Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтындағы «Қызметтер» бөлімінен «Жеке менеджердің үйіне бару» қызметін таңдау арқылы беруге болады. Сондай-ақ 1414 байланыс орталығы арқылы өтінім беруге мүмкіндік бар.
Өтінімнен кейін оператор бір жұмыс күні ішінде азаматпен хабарласып, қызмет көрсету уақытын келіседі.