Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрған тағы екі мыңға жуық отбасы жақын арада жалға берілетін пәтерге қол жеткізуі мүмкін. Сонымен қатар биыл «Алматы жастары» бағдарламасына қатысуға төрт мыңға жуық жас маман мақұлдау алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Кәмшат Оңалбаева мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Спикердің айтуынша, ұлттық даму институты мәртебесін алғаннан кейін банк мемлекеттік тұрғын үй бөлу жүйесін түбегейлі жаңартқан. Бұған дейін әр өңірде бөлек жүргізілген тұрғын үй кезектері бір жүйеге біріктіріліп, түгенделген. Сонымен қатар тұрғын үйді ашық әрі автоматты түрде бөлетін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесі іске қосылған.
«Қазір тұрғын үй адам факторымен емес, азаматтың кезекке қойылған күні мен жеңілдік санатының басымдығына қарай автоматты түрде бөлінеді. Цифрландырудың арқасында жыл сайын бөлінетін тұрғын үй көлемін үш есеге дейін арттыра алдық», – деді Кәмшат Оңалбаева.
Алматыда кімдер баспаналы болды?
Өткен жылдың қазан айынан биылғы маусым айына дейін республика бойынша 22 856 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Оның ішінде азаматтар жалға берілетін баспанаға ие болған немесе жылдық 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы үй сатып алу мүмкіндігін алған.
Жалпы еліміз бойынша әкімдіктер «Отбасы банкке» 29 268 тұрғын үй тапсырған. Оның:
17 985-і – жалға берілетін тұрғын үй;
11 283-і – несиелік тұрғын үй.
Алматы қаласының әкімдігі банкке сегіз тұрғын үй кешенінен 816 пәтер берген. Бүгінде 516 азамат жалдау шарттарына қол қойып, жаңа баспанаға көшуге дайындалып жатыр. Қалған пәтерлер бойынша құжаттарды рәсімдеу жалғасуда.
Спикер жаңа жүйенің нақты нәтижелерін де мысалмен түсіндірді. Оның айтуынша, жаңа қоныстанушылардың арасында екі жасынан бастап «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 19 жастағы алматылық азамат бар. Сондай-ақ былтыр ғана жеке санат ретінде енгізілген «жесірлер» санаты бойынша алғаш рет 64 адам баспаналы болған.
Бұдан бөлек, Алматыда:
166 жетім бала;
176 мүгедектігі бар азамат;
249 көпбалалы және толық емес отбасы;
ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған 135 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Кәмшат Оңалбаеваның айтуынша, жақын уақытта Алматы қаласының әкімдігі «Отбасы банкке» тағы 1 971 жалға берілетін пәтерді тапсырады.
Оның ішінде:
1 595 пәтер – халықтың әлеуметтік осал топтарына;
376 пәтер – тұрғын үй кезегіндегі өзге азаматтарға арналған.
Бұл тағы екі мыңға жуық алматылық отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
«Алматы жастары» бағдарламасына 4 мыңға жуық адам мақұлдау алды
Брифингте биыл 10 жылдығын атап өтіп жатқан «Алматы жастары» бағдарламасының нәтижелері де жарияланды.
1–15 маусым аралығында бағдарламаға қатысу үшін 5 363 өтінім қабылданған. Құжаттарды тексеру қорытындысы бойынша 3 968 жас маманға мақұлдау берілген.
Олардың қатарында:
мұғалімдер;
дәрігерлер;
жас ғалымдар;
журналистер;
коммуналдық қызметкерлер;
мәдениет саласының мамандары;
құқық қорғау органдарының қызметкерлері және басқа да сұранысқа ие мамандық иелері бар.
Бағдарлама аясында:
ең жоғары несие сомасы – 20 млн теңге;
бастапқы жарна – 10%;
несие мөлшерлемесі – жылдық 5%.
Қатысушылар бастапқы және қайталама нарықтан тұрғын үй сатып ала алады. Сондай-ақ Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі болған жағдайда салынып жатқан тұрғын үйден де баспана алуға мүмкіндік бар.
Спикердің мәліметінше, бағдарлама іске асқан 10 жыл ішінде Алматының 8 326 жас тұрғыны баспаналы болған. Осы уақыт аралығында берілген тұрғын үй заемдарының жалпы көлемі 179,2 млрд теңгені құрады.
«Алматы жастары» бағдарламасы алғашқы жылы небәрі 100 адамды қамтыса, өткен жылы жеңілдетілген несие алған жастар саны 2 276-ға жеткен. Бұл бағдарламаның қала жастары арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.