Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен көпфункционалды Almaty Water Garden кешенін салу жоспарланып отыр. Жаңа нысан Алатау ауданында Бауыржан Момышұлы мен Саин көшелерінің аралығында орналасады, деп хабарлайды ult.kz.
Кешеннің басты ерекшелігі, серуендеуге арналған жағалаулары, демалыс аймақтары және көгалдандырылған қоғамдық кеңістіктері бар ұзын су арнасы болмақ. Жоба аясында сондай-ақ, саябақ аймағы, фудкорт, концерттер мен фестивальдер өткізуге арналған ашық амфитеатр, сауда және қызмет көрсету нысандары салынады.
Отбасылық демалыс үшін балалар орталығы, океанариум және көбелектер музейін салу жоспарланған. Кешеннің сәулеттік келбетін шолу алаңы бар мұнара толықтырады.
Жобаны жүзеге асыру 2026-2027 жылдарға жоспарланған.