Алматыда арық желілерінің проблемалық учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қала әкімдігінің мәліметінше, мониторинг барысында анықталған 124 проблемалық учаскенің 80-інде жөндеу толық аяқталған, деп хабарлайды ult.kz.
Қазіргі уақытта тағы 28 учаскеде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қалған нысандарда жөндеу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен орындалады.
Бүгінде Алматыдағы арық желілерінің жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асады. Коммуналдық қызметтер олардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, әсіресе су басу қаупі жоғары аумақтарда күнделікті тазалау жұмыстарын жүргізіп келеді.
Нөсер жауын-шашын қарсаңында арнайы техника мен мамандар ықтимал қауіпті учаскелерге алдын ала жұмылдырылады. Қажет болған жағдайда су сору жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаменті мен Құтқару қызметінің мотопомпалары тартылады.
Мамандардың айтуынша, арық желілерін жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары олардың су өткізу қабілетін арттырып, нөсер кезінде көшелерді су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.