Соңғы аптада Алматыда Габон мен Вьетнамнан оралған екі тұрғыннан безгек ауруы анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда сырттан әкелінген безгектің төрт жағдайы тіркелген. Соңғы науқастардың бірі Габонға іссапармен барып келген болса, екіншісі Вьетнамда демалып қайтқан.
Дәрігерлер науқастардан безгектің екі түрін – тропикалық және үш күндік формаларын анықтаған. Оның ішінде тропикалық безгек аса қауіпті саналады.
Мамандардың айтуынша, дер кезінде емделмеген жағдайда бұл ауру ми, бауыр, бүйрек және тыныс алу жүйесін зақымдап, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Ал үш күндік безгек салыстырмалы түрде жеңіл өткенімен, оның қоздырғышы ағзада ұзақ уақыт сақталып, бірнеше айдан кейін қайта қозуы ықтимал.
Қазіргі уақытта екі пациент те стационарда ем қабылдап жатыр. Диагноздары зертханалық түрде расталған.
Денсаулық сақтау саласының мамандары Алматы тұрғындарына алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті. Өйткені безгек тұрмыстық жолмен жұқпайды. Ауру қол алысу, ортақ ыдыс пайдалану, тамақ, су немесе ауа-тамшы арқылы таралмайды. Инфекция тек Anopheles тұқымдасына жататын жұқтырған масаның шағуы арқылы беріледі.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы әсіресе Вьетнамға сапарлайтын азаматтарға сақ болуға кеңес берді. Елдегі эпидемиологиялық жағдай жақсарғанымен, кейбір ауылдық және орманды өңірлерде безгек жұқтыру қаупі әлі де сақталып отыр.
Сарапшылар шетелге шыққанда репелленттер қолдануға, масаға қарсы торлар мен фумигаторларды пайдалануға, жабық киім киюге және кешкі уақытта ашық жерде ұзақ жүрмеуге кеңес береді.
Сондай-ақ шетелден оралғаннан кейін дене қызуы көтеріліп, қалтырау, әлсіздік немесе бас ауруы байқалса, дереу дәрігерге қаралып, жақында шетелде болғаныңызды міндетті түрде хабарлау қажет.