Алматыда бір тәулікте 2 мыңға жуық жол ережесі бұзылды

Алматыда бір тәулікте 2 мыңға жуық жол ережесі бұзылды
Zakon.kz

Алматыда бір тәулік ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1 959 дерегі анықталды. Оның ішінде жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіп төндіретін 191 өрескел құқық бұзушылық тіркелген, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы қаласының прокуратурасы мәліметінше, анықталған құқық бұзушылықтардың арасында көлікті мас күйінде басқару, қауіпті маневр жасау, қарсы қозғалыс жолағына шығу және көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану фактілері бар.

Атап айтқанда, 8 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Тағы 2 адам көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырған.

Сондай-ақ маневр жасау қағидаларын бұзудың, оның ішінде қауіпті маневр жасаудың («шашка») 71 дерегі анықталды. 67 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған.

Бұдан бөлек, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 7 дерегі және көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланудың 36 дерегі тіркелді.

Құқық бұзушылықтар бойынша 50 көлік құралы мамандандырылған айып тұрағына қойылды.

Алматы қаласының прокуратурасы жол қозғалысы ережелерін сақтау жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі екенін ескертті.