Алматыда 25 жастағы жігіт жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

Алматыда 25 жастағы жігіт жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
almaty.tv

Алматыда 25 жастағы Ерзат Егізбайдың жоғалып кетуі жұртты алаңдатып отыр. Жас жігіт 19 мамыр күні күндіз жұмыс орнынан шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған. Қазір оны полиция мен еріктілер ұйымдары күшейтілген режимде іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы арнасының хабарлауынша, Ерзат Шалқарұлы Егізбай сол күні сағат 14:30 шамасында Райымбек даңғылы бойындағы құрылыс нысанынан шығып кеткен. Содан бері онымен байланыс үзілген. Ұялы телефоны соңғы рет Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік маңындағы “Көксай” саяжайы аумағында тіркелген.

Туыстарының айтуынша, Ерзат бұған дейін ешқашан ескертусіз кетіп көрмеген. Ол құқық қорғау органдарының есебінде тұрмайды, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Жақындары оның дінге берік, бес уақыт намазын қаза қылмайтын адам екенін айтады.

Жоғалған жігіттің бойы шамамен 165–170 сантиметр, дене бітімі орташа. Үстінде қоңыр жемпір, қоңыр кеудеше, қара шалбар, қара кроссовка және қара кепке болған.

Қазіргі уақытта криминалдық полиция Ерзаттың мемлекеттік шекарадан өтпегенін, ХҚКО-ларға жүгінбегенін және жазатайым оқиғалар тіркелімінде жоқ екенін анықтаған. Сондай-ақ Алматыдағы ауруханалар, жедел жәрдем қызметтері мен мәйітханалар тексерілгенімен, әзірге ешқандай нәтиже шықпаған.

Іздеу жұмыстарына Алматы полиция департаментінің жеке құрамы, сондай-ақ “Қоғам” және “Лидер KZ” еріктілер ұйымдары жұмылдырылды. Қала бойынша бағдарламалар таратылып, аумақтар жіті тексеріліп жатыр.

Егер Ерзат Егізбайдың жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, полицияның 102 нөміріне немесе туыстарының байланыс нөміріне хабарласу сұралады.