Алматы қаласының Бостандық ауданында 21 жастағы жігіт көпқабатты тұрғын үйдің ортақ балконынан құлап, оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиға орнына жедел тергеу тобы мен шұғыл қызмет өкілдері дереу жеткен. Марқұмның жеке басы анықталған.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға алдында жас жігіт күннің аптап ыстығына қарамастан сырт киіммен жүрген. Бұл дерек пен басқа да мән-жайлар тергеу барысында жан-жақты тексеріліп жатыр.
Аталған факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның нақты себебін анықтау үшін марқұмның өмір салтын, араласқан ортасын және іске қатысты өзге де жағдайларды зерделеп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жігітімен жанжалдасқан қыздың тұрғын үйдің 10-қабатынан құлап кеткені туралы ақпарат тараған болатын.