Freedom Inside '26

Алматы хайуанаттар бағына Солтүстік Америкадан сирек жыртқыштар жеткізілді

Алматы хайуанаттар бағына Солтүстік Америкадан сирек жыртқыштар жеткізілді
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы хайуанаттар бағының жануарлар коллекциясы жаңа тұрғындармен толықты. Зообаққа Солтүстік Американы мекендейтін канадалық сілеусіндердің жұбы жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жыртқыштар халықаралық алмасу бағдарламасы аясында биыл 6 сәуірде АҚШ-тан әкелінген. Ал олардың орнына Алматы хайуанаттар бағы өз қорындағы жыртқыш құстарды берген.

Жануарлар келгеннен кейін міндетті карантиндік кезеңнен өтіп, ветеринарлардың бақылауында болған. Қазір сілеусіндер жаңа ортаға толық бейімделіп, келушілер назарына ұсынылып отыр.

Зообақ мамандарының айтуынша, аталығы – 3 жаста, аналығы – 7 жаста. Олар ұсақ жыртқыштарға арналған арнайы кешенге орналастырылған. Кең вольерде жануарларға қажетті барлық жағдай жасалған: арнайы баспана, ауа салқындату және тұман бүрку жүйелері орнатылған. Рационына балық, сиыр және тауық еті кіреді.

Канадалық сілеусін – Солтүстік Американың солтүстік өңірлерінде тіршілік ететін мысық тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Ол суық климатқа төзімділігімен ерекшеленеді. Құлағындағы ұзын шашақтары, қалың жүні мен қарда еркін қозғалуына мүмкіндік беретін жалпақ табандары бұл түрдің басты белгілері саналады.

Сілеусіннің тағы бір ерекшелігі – қозғалған кезде артқы аяғын алдыңғы аяғының ізіне дәл басып, дыбыссыз жүруі. Ал құлақтағы шашақтар айналадағы дыбысты жақсы қабылдауға көмектеседі.

Зообақ қызметкерлері жаңа жұптың Алматыдағы мекеніне сәтті бейімделіп, болашақта ұрпақ өрбітетініне үміт артып отыр. Мамандардың пікірінше, бұл сирек кездесетін жыртқыш түрді сақтау мен көбейтуге бағытталған маңызды қадам болмақ.