Freedom Inside '26

Алматы – Қорғас жолында бетон көтеріліп, көліктерге зиян келтірді

Алматы – Қорғас жолында бетон көтеріліп, көліктерге зиян келтірді
Ашық дереккөзден

Әлеуметтік желілерде Алматы – Қорғас тасжолында («бетонка») жол жамылғысындағы ақау салдарынан бірнеше көліктің зақымданғаны түсірілген видео тарады, деп хабарлайды ult.kz.

Бейнежазбадағы мәліметке сәйкес, Бәйдібек би ауылына бұрылысқа жетпейтін жол учаскесінде бетон жабындысының бір бөлігі көтеріліп, жол бетіне шығып қалған. Бұл қауіп төндіріп тұр. Соның салдарынан жоғары жылдамдықпен келе жатқан жүргізушілер көліктерін зақымдап жатыр.

Кадрларда жол жиегінде мәжбүрлі түрде тоқтап тұрған бірнеше көлік көрсетілген. Jetour кроссоверінің дөңгелегі жарылып, дискісі бүлінген. Mercedes-Benz G-Class («Гелендваген») жол талғамайтын көлігінің жанармай багы тесілген. Ал Hyundai седанының беріліс қорабына бетон кесегі тиіп, нәтижесінде майы жерге төгілген.

Алдын ала мәлімет бойынша, аталған жол бөлігіндегі ақаудан шамамен бес көлік зардап шеккен.

Көлік иелерінің айтуынша, олар «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері мен полицияны 102 нөмірі арқылы шақыруға әрекеттенгенімен, нәтиже болмаған. Сондай-ақ жолдан өтіп бара жатқан екі патрульдік полиция экипажы уақыттың тығыздығын алға тартып, тоқтап көмектесуден бас тартқан.

Осы бағытта жолға шығатын жүргізушілерге аса сақ болып, жылдамдық режимін қатаң сақтауға кеңес беріледі.