Алматы облысының тауларынан табылған адам сүйегінің 2007 жылы жоғалып кеткен қазақстандық азаматқа тиесілі екені белгілі болды. Бұл туралы оның қызы Нелли Михеева әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Нелли Михееваның айтуынша, мәйітті Беларусьтен келген туристер мұздық ерігеннен кейін тау арасынан байқап қалған.
«Бүгін біздің отбасымыз үшін бір жағынан қайғылы, екінші жағынан қуанышты күн. 19 жылдан кейін әкемнің сүйегі табылды. Северцев мұздығы еріп, Беларусьтен келген туристер оны байқап, өтіп кетпей, әкемнің сүйегі мен рюкзагын тауып алған. Оларға көп рақмет», – деді ол.
Әйелдің айтуынша, бастапқыда құрбысы оған әлеуметтік желідегі рюкзактың суретін жіберіп, оның әкесінің сөмкесіне ұқсайтынын айтқан. Нелли суретке қарап, рюкзактың әкесіне тиесілі екенін бірден таныған.
Оның сөзінше, әкесі 2007 жылы ескі кеңестік станокты рюкзакпен тауға кеткен. Мұндай рюкзактың дәл сондай үлгісінің басқа адамда болуы екіталай болған.
Осыдан кейін Нелли Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарласып, тергеушінің байланыс нөмірін алған. Полиция отбасыда сақталған құжаттар мен фотосуреттерді сұратқан.
Кейін тергеуші рюкзактың ішінен Неллидің әкесінің атына берілген жеке куәлік табылғанын хабарлаған.
«Қазір бізге қолдау көрсетіп, әлемнің әр түкпірінен хабарласып жатқан адамдардың барлығына алғыс айтамын. Қандай сезімде екенімді өзім де білмеймін. Оқиғаның, осындай қайғылы жолмен болса да, аяқталғанына қуаныштымын. Енді оның денесін жер қойнына тапсыра аламыз. Бірақ мұның бәрін қайта бастан өткеру өте ауыр», – деді Нелли Михеева.
Осылайша, 19 жылға созылған іздеу жұмыстары қайғылы болса да, отбасына белгісіздіктің нүктесін қоюға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, кеше Алматы тауларында адам сүйектері табылғанын жазғанбыз.