Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Заречный кентіндегі №14 түзеу мекемесінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрған 10 адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2022-2024 жылдар аралығында аталған мекемеде жазасын өтеп жүрген бірқатар сотталған тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, басқа сотталғандарға психологиялық қысым көрсетіп, күш қолданған.
Прокуратура мәліметінше, топ мүшелері өзге сотталғандардан жүйелі түрде ақша бопсалап отырған. Заңсыз жолмен алынған қаражат банк карталарына, сондай-ақ Kaspi және басқа да мобильді қосымшалардағы өз бақылауындағы шоттарға аударылып отырған. Ал талаптарын орындаудан бас тартқандар ұрып-соғу, қорлау және басқа да зорлық-зомбылық әрекеттеріне ұшыраған.
Көпэпизодты қылмыстық іс бойынша тергеуді Алматы облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары Қылмыстық кодекстің ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу, бопсалау және алаяқтық баптары бойынша жүргізген.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынған.
Іс материалдарын қарау нәтижесінде сот ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық 10 мүшесін кінәлі деп танып, оларды 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырды.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.