Алматы метросында сөмкесінде қауіпті зат бар екенін айтып, орынсыз әзілдеген 22 жастағы қала тұрғыны бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға «Райымбек» метро станциясында болған. Тексеру кезінде жас жігіт қауіпсіздік қызметкеріне сөмкесінде қауіпті зат бар екенін айтқан. Ақпарат бірден полицияға жеткізіліп, оқиға орнына жедел қызметтер жұмылдырылды.
Құқық қорғау органдары метро аумағын толық тексергенімен, ешқандай қауіпті немесе тыйым салынған зат анықталмады. Кейін жас жігіт мұны әзіл ретінде айтқанын мойындаған.
Полицияның мәліметінше, мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіреді және барлық осындай хабарламалар міндетті түрде мұқият тексеріледі.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының қаулысымен құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция жалған хабарламалардың салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертіп, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.