14 тамызда сағат 14:38 шамасында Алматы қаласы мен Алматы облысының бірқатар ауданында электр жарығы өшті, деп хабарлайды ult.kz.
Таратылған мәліметке сәйкес «KEGOC» АҚ-ға тиесілі 500 кВ электр желілерінде апаттық жағдай болып, соның салдарынан электрмен жабдықтау жүйесінде автоматты қорғаныс іске қосылған. Нәтижесінде кейбір тұтынушылар электр желісінен уақытша ажыратылды.
Алматы облысында жарық Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарының бір бөлігінде өшті.
Ал Алматы қаласында Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарының кейбір аумақтары электр жарығынсыз қалды.
Ажыратылған электр қуатының көлемі шамамен 300 МВт болды.
Қазір «Алатау Жарық Компаниясының» мамандары электр энергиясын қайта қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр.