Алматы коронавирусқа қарсы вакцинаның тағы екі траншын алады

Алматы коронавирусқа қарсы вакцинаның тағы екі траншын алады

Алматы коронавирусқа қарсы вакцинаның тағы екі траншын алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биылғы жылдың 1 ақпаны мен 8 сәуірі аралығында 49 160 адамға екпе салынды. Оның 12281-і вакцинаның екі компонентін де алған. Өткен тәулікте 1180 адам екпе салдырды. 

Кешегі күні қалаға вакцинаның бесінші және алтыншы траншы - 18000 және 29000 доза жеткізілді. Жақын күндері вакцинаның 424 мың дозасы алынады.

Алматы емханаларында барлығы 198 вакцинация пункті ашылды. Сауда – ойын орталықтарда – 20. Сондай-ақ республика сарайында да орналастырылған. Жалпы мегаполисте екпе салатын 250 пункт жұмыс істейтін болады.

«Алматыда 2 млн-ға жуық тұрғын бар. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалардың санын алып тастайтын болсақ, теориялық тұрғыдан алғанда, халықтың 50% вакцинациялауға болады. Гамалея институтының микробиология профессоры Александр Гинцбургтың айтуынша, коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитеті қалыптастыру үшін халықтың 75% иммундау қажет»,- деп хабарлады басқармадан.

Қазір қаладағы емханалар вакцина салдыруға ниетті барлық келушілерді тіркеуге алып, кезекке қойып жатыр.