Алматы автобусында жолаушылар төбелесіп, жанжалға пышақ ұстаған адам араласқан

Алматы автобусында жолаушылар төбелесіп, жанжалға пышақ ұстаған адам араласқан
видеодан скриншот

Алматыда қоғамдық көліктің ішінде болған төбелес видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ult.kz.

Instagram-дағы Novacity.news парақшасында жарияланған кадрлардан автобуста екі ер адамның алдымен сөзге келіп, балағат сөздермен жанжалдасқаны көрінеді. Кейін дау төбелеске ұласқан.

Бір уақытта жанжалға үшінші жолаушы араласып, пышақ ұстаған күйде қатысушыларға қарай ұмтылған. Осыдан кейін автобуста дүрбелең басталып, әйелдер айқайлап, басқа жолаушылар жанжалды тоқтатуға тырысқан.

Алматы қаласының Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Төбелеске қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мұндай агрессивті әрі қоғамға қауіпті мінез-құлыққа жол берілмейді. Кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады», – деп хабарлады полиция.

Оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Ескерту: видео 18+. Кадрларда бейәдеп сөздер бар.