Халықаралық ғалымдар тобы Альцгеймер ауруын алғашқы белгілері пайда болмай тұрып анықтауға мүмкіндік беретін жаңа технологияны таныстырды, деп хабарлайды ult.kz.
Зерттеу барысында ғалымдар аурудың ең ерте кезеңінде пайда болатын амилоид-бета ақуызының улы олигомерлерін анықтай алатын арнайы молекулалар әзірледі. Бұған дейін бұл құрылымдарды қазіргі диагностикалық әдістермен көру мүмкін болмаған.
Тышқандарға жүргізілген тәжірибе бұл улы ақуыздардың ми жасушаларындағы энергия өндіретін митохондриялардың жұмысын бұзып, нейрондар арасындағы байланысты әлсірететінін көрсетті. Ең маңыздысы – бұл өзгерістер қабыну немесе басқа айқын белгілер пайда болмай тұрып басталады.
Зерттеушілердің айтуынша, жаңа технология Альцгеймерге қарсы қолданылып жүрген дәрілердің тиімділігін дәлірек бағалауға және емді аурудың симптомдары байқалмай тұрып бастауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Жобаны Нью-Йорктегі Маунт-Синай медицина мектебі, Израильдегі Бар-Илан университеті және Канаданың зерттеушілері бірлесіп жүзеге асырған.
Қазір технология клиникалық қолдануға жақындап қалды. Ғалымдар оны адамдарға сынауға дайындалып жатыр. Егер сынақтар сәтті өтсе, бұл Альцгеймерді ерте анықтау мен емдеуде үлкен серпіліс болуы мүмкін.