Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласының даму жоспарымен танысудан басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Қазіргі таңда Алатау қаласының аумағы 88 мың гектарды құрайды. Шаһарды 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамыту көзделген. Осы мақсатта қала төрт арнайы аймаққа бөлініп, негізгі даму бағыттары мен экономикалық өсім көздері айқындалуда. Сондай-ақ магистралды инфрақұрылымды дамытуға арналған жол картасы әзірленген.
Қалада басқарудың жаңа моделін енгізуге бағытталған Конституциялық заң қабылданды.
Бүгінде Gate City тұрғын үй ауданы қарқынды дамып келеді. Мұнда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім беру нысаны салынып, «Маревен Фуд», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты сияқты ірі кәсіпорындар жұмыс істеп тұр.
Алатауда жалпы құны 2 триллион теңгеден асатын 53 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған.
Ірі жобалардың қатарында PepsiCo компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі картоп өңдеу зауыты, Mars Petcare компаниясының үй жануарларына арналған азық өндіретін өңірдегі алғашқы заманауи өндірісі және KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясының фармацевтикалық өнімдер мен медициналық жабдықтар шығару жобасы бар. Сонымен қатар «Исткомтранс» пен G-Trans компаниялары логистикалық кластер қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сапар барысында Президентке Алатауда салынатын көпфункционалды Iconic Complex кешенінің жобасы таныстырылды. Заманауи нысан Gate District ауданында бой көтермек және қаланың басты сәулеттік орталықтарының біріне айналуы жоспарланып отыр.