Алаяқтар БЖЗҚ атынан хабарласып жатыр: нені білу керек?

Алаяқтар БЖЗҚ атынан хабарласып жатыр: нені білу керек?
ашық дереккөз

БЖЗҚ азаматтарды зейнетақы жарналары мен еңбек өтіліне қатысты жалған қоңыраулар көбейгені туралы ескертті, деп хабарлайды ult.kz. NoFake.kz басылымына сілтеме жасап.

Қор мәліметінше, алаяқтар өздерін БЖЗҚ қызметкерлері ретінде таныстырып, бірнеше жыл еңбек өтілі зейнетақы есептеу кезінде ескерілмей қалғанын айтып, төлем көлемін қайта есептеуді ұсынады.

«Алаяқтар сенімге кіру үшін Қордың нақты жұмыс істейтін бөлімшелерінің мекенжайын айтып, азаматтарды сол жерге келуге шақырады. Сондай-ақ «қызметті жылдам әрі ыңғайлы алу үшін» алдын ала электрондық кезекке қоямыз деген сылтаумен SMS арқылы келген растау кодын сұрайды», - делінген хабарламада.

БЖЗҚ мәліметінше, мұндай кодтарды бөгде адамға айту қауіпті. Өйткені SMS-код арқылы алаяқтар азаматтардың жеке кабинеттеріне, банк сервистеріне немесе басқа да цифрлық қызметтерге қол жеткізуі мүмкін.

«БЖЗҚ қызметкерлері телефон арқылы, электрондық пошта немесе мессенджерлерде SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталарының деректемелерін және өзге де құпия ақпаратты ешқашан сұрамайды», – деп ескертті Қор өкілдері.

Сонымен қатар Қор барлық қызмет тегін көрсетілетінін және зейнетақы төлемдерін рәсімдеу Қазақстан заңнамасына сәйкес қатаң тәртіппен жүзеге асырылатынын атап өтті. Қоңырау шалушы адамның аты-жөніңізді, ЖСН-іңізді немесе мекенжайыңызды білуі оның расымен ресми қызметкер екенін білдірмейді. Мұндай ақпарат ашық дереккөздерден алынуы мүмкін.