Сенімге кіріп, сан соқтырды. Ал ақтаулық келіншектердің миллиондаған теңгесін алып, қыруар қарызға батырған адамдар әлі күнге жазаға тартылмай жатыр. Алданған әйелдер наразылықтарын білдіріп, прокуратура алдына жиналды, деп хабарлайды КТК.
Бір ғана Сәнгүл Аманжолова 35 млн теңгесін жер алып беремін дегендерге ұстата салған. Ағия Жүсіпова мен Перизат Тажиева есімді келіншек банктен 440 млн теңге несиені оңай шығарып береміз деп сенімге кіріпті. Істі тездету үшін алдын ала соманың 10 пайызын талап еткен. Үлкен ісі үшін қаражат қатты қажет болғандықтан Сәнгүл Аманжолова 35 млн теңгені қарызданып-қауғаланып тауып берген.


"Бас прокуратурадан көмек сұраймын. Істің ақ пен қарасын шешіп берсін. Тажиева Перизатқа қатысты тағы біреу 7 миллион берген. Әкімдік арқылы жер шығарып береміз деп. Тағы біреуден 12 млн алған үй алып береміз деп алдаған. Төрт эпизод жиналып тұр. Соның өзінде менің ісімді қысқартып жатыр", - дейді жәбірленуші Сәнгүл Аманжолова.