«Әкеміз үш балаға 40 мың теңге ғана алимент төлейді»: жасөспірім құзырлы органдарға жүгінді

«Әкеміз үш балаға 40 мың теңге ғана алимент төлейді»: жасөспірім құзырлы органдарға жүгінді
ашық дереккөз

15 жастағы бала әкесінің алимент төлеуіне қатысты мәселені көтеріп, оның нақты табысын тексеруді сұрады. Ол әкесінің үш балаға ай сайын шамамен 40 мың теңге алимент төлейтінін айтып, бұл қаражаттың жеткіліксіз екенін жеткізген. Әкесі өзіне қатысты айтылған мәлімдемелерге жауап берді, деп хабарлайды ult.kz.

Баланың айтуынша, ата-анасы ажырасқан, әкесі бөлек тұрады. Оның екі кішкентай қарындасы бар. Жасөспірім әкесінің «Байтақ» жасылдар партиясында қызмет атқаратынын айтып, ресми жалақысы шамамен 85 мың теңге ретінде көрсетілгенін жеткізді.

«Ай сайын 40 мың теңгені үш балаға бөлсек, әрқайсымызға шамамен 13 мың теңгеден келеді. Бұл бізге жеткіліксіз. Әкемнің жалақысы шынымен 85 мың теңге ме, соны тексеріп беретін біреу бар ма?» – дейді ол.

Жасөспірім әкесінің нақты табысына күмән келтіріп, құзырлы органдардан оның кірісін тексеруді және үш балаға төленетін алимент мөлшерінің заң талаптарына сәйкестігін анықтауды сұраған.

Оның айтуынша, бұл мәселе «Байтақ» партиясының көшбасшысы Азамат Әміртайға да жеткізілген. Алайда «мәселені шешеміз» деген жауаптан кейін партия тарапынан хабар болмаған.

Ал «Байтақ» партиясының өкілі Әлібек Қуаныш баласының мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзін Democrat.kz жариялады.

Әлібек Қуаныш отбасындағы жағдайды көпшілік алдында талқылағысы келмейтінін айтты. Оның сөзінше, ұлы мен қызы шамамен үш жыл бойы онымен бірге тұрған, ал биыл қаңтарда балалардың анасы оларды өзімен бірге алып кеткен.

Ол отбасындағы жағдайды толық білетін адамдар – тек отбасы мүшелері екенін айтып, ешкімді айыптағысы келмейтінін жеткізді.

«Барлық дау-дамай мәселе заң аясында, қажет болса сот арқылы шешіледі. Мен балаларымды жақсы көремін, әрқашан оларға қамқор болып, қолымнан келгенше көмектесіп келдім. Алдағы уақытта да солай болады», – деді ол.

Сонымен қатар Әлібек Қуаныш партиядағы қызметіне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, ол жеке кәсіпкер, ал партиямен қоғамдық еріктілік негізінде жұмыс істейді. Яғни бос уақытында партияға барып, қоғамдық жұмыстарға көмектеседі.

Ол партия төрағасы мен «Байтақ» партиясының отбасындағы келіспеушілікке қатысы жоқ екенін атап өтті.

Әлібек Қуаныш балаларын өз қамқорлығына алып, барлық жағдайын жасауға дайын екенін де мәлімдеді.

Қазір тараптардың мәлімдемелері арасында алимент мөлшері мен әкесінің нақты табысына қатысты айырмашылық бар. Осыған байланысты жасөспірім құзырлы органдардан жағдайды тексеруді сұрап отыр.