Қазақстанда қайырымдылық істерімен танылған «Бетперделі адам» 29 жастағы Давид есімді курьерге күтпеген сый жасады. Ол баспанасыз жүрген жігітке пәтер кілтін табыстап, көптен бергі арманын орындады, деп хабарлайды ult.kz.
Давидтің екінші топтағы мүгедектігі бар. Ол бала кезінен церебралды сал ауруына шалдыққан. Сонымен қатар есту және сөйлеу қабілетінен айырылған. Денсаулығындағы қиындықтарға қарамастан, жігіт ешкімге алақан жаймай, жаяу курьер болып еңбек етіп келеді.
Алайда жұмысы оңай емес. Аяғы жиі ауыратындықтан, кейде тапсырыстарды белгіленген уақытта жеткізе алмай қалады. Мұндай сәттерде тапсырыс берушілердің алдында өзін ыңғайсыз сезінетінін жеткізген.
Жігіттің өміріндегі ең ауыр жағдайлардың бірі – ата-анасынан айырылып, жалғыз қалуы. Оның тұрақты тұратын баспанасы да болмаған. Тіпті кей күндері түнейтін жер таппай, аялдамада ұйықтауға мәжбүр болған.
«Мен жетіммін. Анам да, әкем де, үйім де жоқ. Маған өте қиын. Ата-анамды қатты сағындым», – деп мұңын шаққан Давид.
Қайырымдылық жасаушы жігіттен ең үлкен арманы туралы сұрағанда, ол үш дөңгелекті велосипед алғысы келетінін айтқан. Себебі мұндай көлік оның күнделікті жұмысын жеңілдетіп, тапсырыстарды жылдамырақ жеткізуіне мүмкіндік берер еді.
Алайда «Бетперделі адам» Давидке әлдеқайда үлкен тосынсый дайындаған. Алдымен оған армандаған үш дөңгелекті велосипедін сыйлап, емделуіне қомақты қаржы бөлген.
Ең әсерлі сәт қайырымды жан жігітке жеке пәтердің кілтін табыстағанда болған. Осылайша ұзақ уақыт баспанасыз жүрген Давидтің өз шаңырағына қол жеткізуіне мүмкіндік туған.
Айта кетейік, Бетперде киген жігіт 18 жастағы қызға пәтер сыйлады.
"Бетперделі адам" кім?
Ол – Қазақстанда мұқтаж жандарға көмектесіп, қайырымдылық әрекеттерін әлеуметтік желіде жариялау арқылы танылған азамат.
Ол көпшілік алдына бетперде тағып шығып, өзінің жеке басынан гөрі жасаған жақсылықтарына назар аудартады. Оның көмегіне баспанасыз қалған, денсаулығында қиындықтары бар және әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдар ие болып жүр.
Оның нақты аты-жөні әлі ресми түрде жарияланған жоқ. Әлеуметтік желіде кейбіреулер оны Димаш Құдайберген немесе Сәкен Майғазиев болуы мүмкін деп болжаған. Алайда бұл пікірлер расталмаған.
2024 жылы БАҚ-та оның Орал қаласынан шыққан жас жігіт болуы мүмкін екені жазылған, бірақ бұл мәлімет те расталмаған.