Алматы облысында суға шомылып жүрген 10 жастағы баланы ағыс жағадан алыстатып әкеткен. Оқиғаны байқаған куәгер дереу құтқарушыларды шақырып, бала аман-есен жағаға шығарылды, деп хабарлайды ult.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Жамбыл ауданының Қарғалы ауылындағы жинақтаушы карьерде болған. Жексенбі күні 112 қызметіне аралшықта қалып қойған 2016 жылы туған баланың өздігінен жағаға жете алмай отырғаны туралы хабарлама түскен.
Белгілі болғандай, жасөспірім суға шомылып жүрген кезде ағыс оны кішігірім аралшыққа алып кеткен. Сол жерден шыға алмаған бала көмек сұраған. Оқиғаны көрген куәгер бірден құтқару қызметіне хабар берген.
Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ құтқарушылары құтқару шеңберінің көмегімен баланы жағаға эвакуациялады. Балаға медициналық көмек қажет болмаған.
Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарды балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмауға шақырып, төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажеттігін еске салды.