Алдияр және Әлімжан Жауынбай Сингапурде өткен жас ерекшеліктері бойынша турнирде өз санаттарында екеуі бірге төрт медаль еншіледі, оның үшеуі алтын. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлайды, деп хабарлайды ult.kz.
Ағайындылардың үлкені FIDE шебері Алдияр Жауынбай 20 жасқа дейінгі санатта бақ сынады. Рапид турнирінде ол 5,5 ұпай жинап, филиппиндік халықаралық шебер Кристиан Джан Карло Арка мен вьетнамдық Чан Зя Фук Фамды артқа тастап, бірінші орынды иеленді. Алдияр екінші алтынды блицте жеңіп алды. Ол 9 турдың қорытындысы бойынша 7 ұпай жинады. Одан кейінгі екінші орынға вьетнамдық спортшы Чан Зя Фук Фам, ал үшінші орынға филиппиндік Кристиан Джан Карло Арка жайғасты. Алдиярға классикада жүлделі орынға жетуге сәл ғана мүмкіндік жетпей қалды. Ол 6,5 ұпай жинап, 1-3 орын иегерлерімен бірдей нәтиже көрсеткенімен, қосымша көрсеткіштер бойынша есе жіберіп, төртінші орынға тұрақтады.
Ал інісі FIDE шебері Әлімжан Жауынбай 12 жасқа дейінгі санатта өнер көрсетіп, ол да екі медаль еншіледі. Әлімжан алтынды блицте 8 ұпай жинап, вьетнамдық қарсыластарын басып озу арқылы жеңіп алды. Күміс медальды классикада иеленді. Ол 7 ұпай жинап, бірінші орын иегері вьетнамдық Фан Хоанг Куан Лемен тең түсті, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша қарсыласына жол берді.
Алдияр мен Әлімжан Жауынбай Қазақстан шахмат федерациясының жас таланттарды қолдау бағдарламасының қатысушылары. Бағдарлама елдің ең мықты жас шахматшыларын қолдауға бағытталған: спортшылар жаттықтырушылармен жұмыс істеуге, халықаралық жарыстарға қатысуға және ірі турнирлерге дайындалуға қолдау алады. KazChess жас дарынды қолдау бағдарламасына 45 шахматшы қатысады. Жауынбай бауырлары бұл бағдарламаға бірнеше жылдан бері қатысып келеді. 2025 жылы Әлімжан 11 жасында қазақстандық шахмат тарихындағы ең жас FIDE шебері атанған еді.