«Әділет» партиясының кандидаттары Түркістан халқымен жүздесті: алғашқы өңірлік кездесуде не айтылды?

«Әділет» партиясының кандидаттары Түркістан халқымен жүздесті: алғашқы өңірлік кездесуде не айтылды?

«Әділет» партиясының кандидаттары Рауан Кенжеханұлы, Максим Рожин, Үнзила Шапақ, Ренат Бектұров және партияның өзге де өкілдері Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті.

Партияның баспасөз қызметі жариялаған фотосуреттерге қарасақ, шара ресми форматта емес, еркін пікір алмасу түрінде өткен. Жиналған жұрт есеп үшін емес, көкейіндегі сауалдарға нақты жауап алу үшін келген. Тиісінше, тұрғындар тарапынан айтылған мәселе аз болған жоқ.

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы өңірлерді аралауды Түркістан облысынан бастады. Құрылтай депутаттығына кандидаттар жергілікті тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын таныстырды. Кездесу барысында халықты толғандырған өзекті мәселелер талқыланып, тұрғындардың ұсыныс-пікірі тыңдалды.

Тұрғындар жол сапасы, ауылдардағы ауызсу тапшылығы, газ тарту, жайылым және суармалы жердің жетіспеуі, жастарды жұмыспен қамту мен шағын кәсіпті қолдау мәселелерін көтерді. 

Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, өңірлерді аралаудағы басты мақсат – ресми іс-шара өткізумен шектелмей, халық үніне құлақ асып, тұрғындардың нақты сұранысын өз аузынан есту.

«Түркістан – рухани әрі экономикалық әлеуеті зор өңір. Бүгінгі ашық диалог халықтың оң өзгерістерге деген сенімінің жоғары екенін көрсетті. Біз алдағы сайлауға тек дауыс сұрау үшін келген жоқпыз. Сіздердің сенімдеріңізді ақтауға, елмен бірге жауапкершілік жүгін арқалауға келдік», - деді Айбек Дәдебай.

Сондай-ақ ол бүгінгі кездесуде айтылған әрбір сұрақ міндетті түрде қаралатынын жеткізді. 

«Кентау, Арыс, Сауран және Түркістанның тұрғындарынан түскен арыз-шағымның бәрі біздің жеке бақылауымызда болады. Бұндай кездесу өңірдегі мәселені тек есептен емес, адамдардың көзімен көруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті партия төрағасы.

Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстырып, негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, құжатта елдің алдағы даму бағытын айқындайтын жеті стратегиялық мақсат пен 10 басым бағыт айқындалған.

«Біз ұсынатын бағдарламада мемлекет қандай шешім қабылдамасын, бәрінің негізінде адам, оның қадір-қасиеті, әл-ауқаты мен өмірден лайықты орын табу мүмкіндігі тұр. Біз әр адам еңбегіне, білімі мен жауапкершілігіне қарай табысқа жете алатындай мүмкіндіктер экономикасын құрғымыз келеді. Ал осы мақсаттың өлшеулі, ұғынықты сұрауы бар межесі ретінде біз алдымызға жеті нақты мақсат қойып, сол мақсаттарға алдағы бес жылда жетуге міндеттеме алмақшымыз», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Партия өкілдерінің айтуынша, кездесу барысында көтерілген барлық ұсыныс пен өтініш назарға алынып, одан әрі пысықтау үшін республикалық сайлауалды штабқа жіберіледі. 

Ал партия кандидаттары алдағы уақытта елдің өзге өңірлеріне барып, тұрғындармен ашық форматтағы кездесулерін жалғастырады. 

Дайындаған: 
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.