«Әділет» партиясының республикалық штабы Түркістан мен Маңғыстау облыстарына сапарынан соң батыстағы тағы бір маңызды өңір – Атырауға ат басын тіреді. Шілденің шіліңгір ыстығы 40 градусқа дейін жеткен аймақта партия өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесіп, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады. Қазақстанның батысында орналасқан Атырау облысы көршілес Маңғыстаудан өнеркәсіптік әлеуетімен ерекшеленеді. Мұнда елдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) орналасқан. Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының бірі саналатын кәсіпорынның жұмысы өңір үшін де, бүкіл ел экономикасы үшін де маңызды. «Әділет» партиясының кандидаттары Атырау халқына құрғақ уәде беру үшін емес, тұрғындармен жүздесіп, олардың мәселелерін талқылап, «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстыру үшін барды.


Еңбек адамы үшін маңызды мәселелер талқыланды
Делегация мүшелерінің Атырауға жұмыс сапары Атырау мұнай өңдеу зауытынан басталды. Бұл – елдегі алғашқы мұнай өңдеу зауыты әрі ішкі нарықты бензин, дизель отыны, авиаотын және басқа да өнімдермен қамтамасыз ететін үш ірі кәсіпорынның бірі. Мұнда жыл сайын шамамен 5,5 млн тонна мұнай өңделеді.
Дегенмен АМӨЗ – тек жанармай өндіретін зауыт емес. Бұл Қазақстанда таза бензол мен параксилол шығаратын жалғыз кәсіпорын. Аталған шикізат химия өнеркәсібінде, пластик, синтетикалық талшықтар мен маталар өндірісінде қолданылады. Дәл осы жерде елімізде алғаш рет Теңіз кен орнындағы күрделі мұнайды өңдеу технологиясы игерілді. Сондықтан зауытқа қатысты кез келген шешім Атырау облысына ғана емес, ел экономикасына да тікелей әсер етеді.
Сәйкесінше кездесу барысында құрғақ саяси ұран емес, күнделікті тынбай жұмыс істеп жүрген еңбек адамдары үшін маңызды мәселелер талқыланды. Елде жаңа жұмыс орындары ашыла ма? Еңбек жағдайы өзгере ме? Саладағы жас мамандарға кәсіби дамуға мүмкіндік бола ма? Талқылаулар осындай сұрақтардың айналасында өрбіді.
Кандидаттардың айтуынша, «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасында Атырау облысының ерекшеліктері ескерілген. Негізгі бағыттардың қатарында мұнай-газ химиясы мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, отандық сервистік компанияларды қолдау, ірі жобалардағы қазақстандық қамтуды арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек адамдарын әлеуметтік қорғауды күшейту міндеттері көзделген.


Экология мәселесі назардан тыс қалмады
Жұмыспен қамту мәселесі саланың келешегіне қатысты болса, ал экология – Атырау тұрғындарын алаңдатып отырған өзекті тақырыптың бірі. Мұнай-газ өнеркәсібі дамыған өңірде ірі кәсіпорындардың қызметі қоршаған орта мәселесімен қатар жүреді. Тиісінше өндіріс көлемін арттырудан бөлек, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де маңызды болып отыр.
Құрылтай депутаттығына кандидаттардың айтуынша, партия экологиялық төлемдерді пайдалану тәсілін өзгертуді ұсынып отыр. Бұл қаржы қай өңірден жиналса, ең алдымен сол аймақтағы экологияны қалпына келтіруге жұмсалуы керек. Бұған қоса партия бағдарламасында заманауи экологиялық стандарттарды енгізу және өнеркәсіптік кәсіпорындарға бақылауды күшейту мәселесі де қарастырылған.
Саладағы кадр тапшылығы – басты сын-қатердің бірі
Кездесулерде кадр тапшылығы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Кәсіпорын өкілдері салаға жас инженерлер мен техникалық мамандарды тарту жыл өткен сайын қиындап бара жатқанын айтты.
Бұл мәселеге қатысты «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткер, белгілі ғалым, заң ғылымдарының кандидаты Үнзила Шапақ партияның сайлауалды бағдарламасында бұл мәселе қамтылғанын атап өтті. Ол зерттеушілердің болжамына сүйеніп, алдағы жылдары Қазақстан экономикасына 400 мыңнан астам маман қажет болатынын айтты.
«Еңбек нарығында жасанды интеллект маманы, деректер талдаушысы, робототехника инженері, киберқауіпсіздік маманы, цифрлық жобалар менеджері, контент-инженер сияқты жаңа мамандар қажет болады. Біздің міндетіміз – жастарды осы езгерістерге дайындау, білім беру жүйесін экономика сұранысына беймдеу», – деді Үнзила Шапақ.

Мұнай өңдеуден машина жасау саласына дейін
АМӨЗ-ден кейін штаб жұмысы TEXOL вагон жасау зауытында жалғасты. Онда жүк вагондары мен теміржол техникасы шығарылады. Кәсіпорын өңірдегі негізгі жұмыс берушілердің бірі және заманауи инженерлік құзыреттер қалыптасатын алаң саналады.
Кездесу барысында Қазақстанда машина жасауды дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, өндірісті жергіліктендіру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ делегация мүшелері «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіпорнына да барды. Бұл – Қазақстандағы ғасырдан астам тарихы бар ең көне мұнай өндіруші кәсіпорындардың бірі. Жүздесуде қазіргі қызметкерлермен қатар, мұнай саласына өмірінің басым бөлігін арнаған ардагерлер де қатысты.
Құрылтай депутаттығына кандидаттар Рауан Кенжеханұлы, Үнзила Шапақ, Жанарбек Әшімжанов және Арман Хайруллин «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, отандық сервистік компанияларды дамыту, өнеркәсіпті цифрландыру, мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыру және инженерлік білімді қолдау шаралары туралы айтты.
Алайда жұмыс күні мұнымен аяқталған жоқ. Түстен кейін республикалық сайлауалды штаб өкілдері Атырау облысының жастары, креативті индустрия өкілдері және қоғам белсенділерімен кездесті. Бұл кездесулерде өңірдің өзге де сын-қатерлері мен даму мүмкіндіктері талқыланды.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.