Абзал Әжіғалиев кәсіби спорттағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді

Абзал Әжіғалиев кәсіби спорттағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді
ашық дереккөз

Қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжғалиев кәсіби спортшы ретіндегі мансабын аяқтау туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.

Абзал Әжіғалиев шорт-трекпен 24 жыл бұрын айналыса бастаған. Ал 2009 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғаған.

Спорттық мансабында ол барлық дистанция бойынша Қазақстан чемпионы атанып, ел тарихындағы алғашқы Шорт-тректен әлем кубогының алтын медалін жеңіп алды. Сондай-ақ халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдеге ие болған.

Әжіғалиев төрт Олимпиада ойындарына қатысып, екі рет Қазақстан Туын Олимпиада аренасында алып шыққан.

«Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым», – деп жазды спортшы.

Ол спорттағы жолын өкінішпен емес, алғыс пен мақтаныш сезімімен аяқтап жатқанын атап өтті.

Енді Абзал Әжіғалиев жинаған тәжірибесі мен білімін Қазақстан спортының дамуына арнамақ. Ол ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақстан шорт-трегінің болашағына үлес қосуды жоспарлап отыр.

«Менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек енді ол жаңа деңгейде жалғасады», – деді шорт-трекші.

Оқи отырыңыз: Шорт-трек шебері Абзал Әжғалиев өзін Марко Ройске теңеді