Freedom Inside '26

«Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде жаңа әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтеруде

«Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде жаңа әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтеруде
Ашық дереккөзден

Абайдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Абай облысында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған бастамаға еліміздің барлық өңірлері, ұлттық компаниялар мен ірі инвесторлар атсалысып жатыр. Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің айтуынша, «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында еліміздің әр өңірі облысқа бір-бір нысаннан тарту жасап жатыр. Оның сөзінше, бұл – тұтас қазақ халқының ұлы ойшыл Абайға және оның туған жеріне деген ерекше құрметінің белгісі.

«Қазір аталған акция аясында бірнеше нысанның құрылысы басталып та кетті. Акцияны алғашқылардың бірі болып Маңғыстау облысы қолдап, Семей қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Достық үйінің құрылысын бастады. Қаладағы Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының сыйы – Рәміздер алаңының, ал қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының тартуы – Жекпе-жек сарайының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осылайша, «Абайға құрмет» акциясы аясында жаңа шағын аудан ғана емес, облыс орталығының әр аумағы абаттандырылып, жаңа келбетке енеді.
Ал кеше жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта үш бірдей нысанның құрылысына бастау бердік. Олар – Шымкент қаласының сыйы Шығармашылық орталығы, Алматы қаласының тартуы – Медиаорталық және Павлодар облысының сыйы – Үстел теннисі орталығы», – дейді Берік Уәли.

Жоба аясында Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» орталығын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Жетісу облысы Семей қаласының кіреберісіне қала қақпасын тұрғызады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын, Астана қаласы «Келешек» мектебін салуды жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстарын жүргізеді.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласы шығармашылық орталығымен қатар Семей қаласының Водный кентіне Мәдениет үйін тарту етпек.

Әкімнің мәліметінше, акцияға ұлттық компаниялар мен ірі инвесторлар да белсенді қатысуда. Мәселен, «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта стадион құрылысын қолға алған. «Самұрық-Қазына» қоры Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуда. Ал «Қазақстан халқына» қоры Инклюзивті спорт орталығын, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Болашақ сарайын салуды жоспарлап отыр.

Облыс әкімі бұл бастаманы Абай еліне көрсетілген ерекше құрмет пен ел бірлігінің айқын көрінісі деп бағалады. Сондай-ақ Президентке, Үкіметке, өңір әкімдеріне және жобаға қолдау білдіріп жатқан ұлттық компаниялар мен бизнес құрылымдарға алғысын жеткізді.

Оның айтуынша, негізгі міндет – барлық нысандарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтап, халық игілігіне беру. Осы мақсатта әрбір құрылыс жобасы тұрақты бақылауда болады.

«Семейді дамыту – бір өңірдің ғана емес, тұтас елдің ортақ міндеті. «Абайға құрмет» акциясы осы жолдағы ынтымақ пен бірліктің нақты көрінісі», – деді Берік Уәли.