Абай облысында «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз» тасжолын жөндеу жалғасуда

Абай облысында «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз» тасжолын жөндеу жалғасуда

Абай облысында «ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз» автомобиль жолын нормативтік жағдайға келтіру жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастырып келеді. Биыл тасжолдың 66 шақырымы орташа жөндеумен қамтылды, деп хабарлайды ult.kz.

Абай облысы аумағындағы автомобиль жолының жалпы ұзындығы 618 шақырымды құрайды. Оның 384 шақырымы 320–704 шақырым аралығын, тағы 234 шақырымы 707–941 шақырым аралығын қамтиды. Бұл учаскелердегі қозғалыс қарқындылығы тәулігіне орта есеппен 314-тен 576 автокөлікке дейін жетеді.

Тасжол 1978–1980 жылдары салынған. Жалпы ұзындығының 440 шақырымы III техникалық санатқа, 178 шақырымы IV санатқа жатады. Жол бойында 24 көпір және 426 су өткізу құбыры орналасқан.

«Тасжолды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2025 жылы 60 шақырым жол орташа жөндеумен қамтылды. Атап айтқанда, 497–528, 541–548, 561–568 және 793–808 шақырым аралығындағы учаскелер жөнделді. Қазіргі таңда бұл учаскелердегі жұмыстар толық аяқталды. Нысандар кепілдік мерзімінде тұр. Осы кезеңде пайдалану барысында анықталған ақауларды мердігер ұйымдар жоюға міндетті. 2026 жылы тағы 66 шақырым жолда жөндеу жұмыстары жалғасты. Оның ішінде 707–717, 724–747 және 757–790 шақырым аралығындағы учаскелер қамтылды», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Абай облыстық филиалы директорының орынбасары Алмат Шойынбаев.

Алғашқы екі учаскеде жалпы ұзындығы 33 шақырым болатын жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ал 757–790 шақырым аралығындағы 33 шақырымдық учаскеде жөндеу бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жалғасуда.

707–717 шақырым аралығындағы учаскеде жолдың аяздан ісінген бөліктері қалпына келтіріліп, жол төсеміне суық ресайклинг жүргізілді және жаңа асфальтбетон жамылғысының екі қабаты төселді. Сондай-ақ жол жиектері нығайтылып, аялдамалар мен жолаушылар алаңдары абаттандырылды, жарықтандыру жүйесі орнатылып, жол таңбалары сызылды. 709-шақырымда әскери техниканың өтуіне арналған арнайы өткел жабдықталды.
724–747 шақырым аралығындағы 23 шақырымдық учаскеде де ауқымды жұмыстар атқарылды. Мұнда суық ресайклинг жүргізіліп, асфальтбетон жамылғысының төменгі және жоғарғы қабаттары төселді, жол жиектері нығайтылды. 735-шақырымда жаңа су өткізу құбыры орнатылды. Сонымен қатар жолды жайластыру және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар орындалды.

Тасжолды күтіп ұстау тек ауқымды жөндеу жобаларымен шектелмейді. Жол бойында шұңқырларды жөндеу, жарықтарды бітеу, жол таңбаларын сызу, жол белгілерін қалпына келтіру, шөп шабу және көлік қозғалысының қауіпсіз әрі үздіксіз болуын қамтамасыз етуге бағытталған басқа да жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.

Тасжолды жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. БРК-3 аясында тиісті қаржы бөлінген жағдайда тағы 52 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу, сондай-ақ алты көпірге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.

Бұл тасжолмен күн сайын ауыр жүк көліктері, соның ішінде ірі кен орындарынан жүк тасымалдайтын көліктер қатынайды. Тұрақты әрі жоғары жүктеме жол жамылғысының біртіндеп тозуына әсер етеді. Осыған байланысты 2027 жылы ірі көлемді және ауыр салмақты көліктерді бақылауға арналған автоматтандырылған өлшеу жүйелерін орнату жоспарланған. Бұл белгіленген салмақ талаптарының сақталуын бақылауды күшейтіп, жол жамылғысына түсетін артық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.