Семей қаласында 91 жастағы кейуананы күтіп-баққан әйелдің қатыгез әрекеті әшкереленді. Оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Туыстарының айтуынша, қарт ананың жағдайынан күмәнданған жақындары үйге жасырын бейнекамера орнатқан. Бейнежазбалардан күтушінің кейуананы тұрақты түрде қорлап, күш қолданғаны байқалған.
Оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қоғамның наразылығын тудырды. Қарт әйелдің туыстары күтушінің әрекетіне тиісті құқықтық баға берілуін талап етуде.
Абай облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жарияланған ақпарат негізінде тексеру жүргізіліп, қарт әйелге күтім жасаған азаматша анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Ведомствоның хабарлауынша, алдын ала тексеру нәтижелері бойынша әйелдің әрекеттерінен басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қасақана қорлау белгілері байқалады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Тексеру қорытындысы бойынша заң аясында тиісті шешім қабылданады.