Freedom Inside '26

9-қабаттан құлаған жасөспірім 58 күндік емнен кейін ауруханадан шықты

9-қабаттан құлаған жасөспірім 58 күндік емнен кейін ауруханадан шықты
ratel.kz

Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың дәрігерлері 9-қабаттан құлаған 17 жастағы қыздың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ult.kz.

Жасөспірім ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оған II дәрежелі кома, травмалық және геморрагиялық шок, аяқ-қолдарының, омыртқасы мен жамбасының көптеген сынықтары, сондай-ақ кеуде қуысының ауыр жарақаттарын диагностикалаған.

Ең күрделі зақымдардың бірі – диафрагманың жыртылуы болған. Соның салдарынан асқазан, көкбауыр және ішектің бір бөлігі кеуде қуысына ығысқан.

Науқастың өмірін сақтап қалу үшін хирургтер шұғыл түрде күрделі ота жасап, ішкі ағзалар мен ауыр жарақаттарды қалпына келтірген. Отадан кейін қыз 12 тәулік бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдады.

Кейін сүйек пен буындарды қалпына келтіруге бағытталған тағы төрт операция жасалды. Жалпы емдеу және қалпына келтірудің ауруханадағы кезеңі 58 күнге созылған.

Қазіргі уақытта қыз ауруханадан шығарылып, оңалту курсынан өтіп жатыр.