Ақтауда азаматтардан миллиардтаған теңге жинаған "Sax Invest" қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға сот үкімі шықты. Ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесі 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Сот материалдарына сәйкес, күдіктілер өздерін инвестициялық қор ретінде таныстырып, тұрғындарға бағалы қағаздарға, қаржы құралдарына және түрлі активтерге қаржы салуды ұсынған. Сондай-ақ олар Африка елдеріндегі алмаз өндіру жобасына қатысып жатқанын мәлімдеген.
2018-2022 жылдар аралығында аталған схемаға Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларынан мыңнан астам адам тартылған. Салымшылардан жиналған қаражаттың жалпы көлемі 9 млрд теңгеден асқан.
Тергеу барысында ақшаның басым бөлігі компания шоттарына емес, ұйымдастырушылардың жеке есепшоттарына аударылғаны анықталған. Кейін бұл қаражат жеке қажеттіліктерге, соның ішінде құмар ойындарға, тұрғын үй сатып алуға және жеке құрылысқа жұмсалған.
Сот шешімімен кінәлі деп танылған сегіз адамға ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар мемлекет кірісіне жеке тұрғын үй мен цифрлық активтер тәркіленді.
Сотталғандардың мүлкіне қойылған шектеу азаматтық талаптарды өтеу мәселесі толық шешілгенге дейін сақталады. Тәркілеуге қатысты мүлік қатарында екі автокөлік, екі пәтер және жер учаскесі бар.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.