Маңғыстау облысында Каспий теңізіне шомылуға барып, жоғалып кеткен 18 жастағы бозбаланы іздеу жұмыстары қайғылы аяқталды. Құтқарушылар оның мәйітін 8 күннен кейін тапты, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 7 шілде күні болған. Жас жігіт достарымен бірге теңізге шомылуға барған, алайда сол күннен кейін үйіне оралмаған.
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеу жұмыстары кезінде Ақтау қаласынан 51 шақырым қашықтықтағы жағалау маңынан бозбаланың денесі табылған.
«Бүгін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жағалау сызығынан шамамен 10 метр қашықтықта судан жасөспірімнің мәйітін тауып, жағаға шығарды», – деп хабарлады құтқарушылар.
Табылған мәйіт кейін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Оқиғаның мән-жайын тиісті органдар анықтап жатыр.