Қазақстанда «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 28 мыңға жуық қауіпті дәрілік заттың айналымына шектеу қойылды. Тексеру кезінде 249 құқық бұзушылық анықталған, деп хабарлайды ult.kz.
ІІМ-нің мәліметінше, операцияның кезекті кезеңі 21-25 қыркүйек аралығында өтті. Полиция қызметкерлері денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, құрамында психотроптық және күшті әсер ететін заттары бар дәрілердің айналымы талаптарының сақталуын тексерді.
Шара барысында 1500-ден астам медициналық мекеме мен дәріхана, сондай-ақ 142 өнеркәсіптік кәсіпорын тексерілді.
Полиция әсіресе күшті әсер ететін препараттарды рецептсіз сату, оның ішінде оларды кәмелетке толмағандарға өткізу фактілеріне назар аударған.
Тексеру барысында бірнеше заң бұзушылық анықталды.
Петропавлда жүзу жаттықтырушысы ұсталып, одан күшті әсер ететін 56 таблетка тәркіленді.
Түркістандағы дәріханалардың бірінен мұндай препараттарды тиісті лицензиясыз сату фактісі анықталған. Нәтижесінде 5 мыңнан астам таблетка тәркіленді.
Оралда лицензиялау талаптарын бұзуға байланысты 500 тонна тұз қышқылының айналымына шектеу қойылды.
Сонымен қатар ІІМ химиялық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымнан заңсыз айналымға өтуіне жол бермеу мақсатында бақылау жүргізді. Нәтижесінде 675 тонна түрлі прекурсордың айналымы шектеліп, 90 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ІІМ мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда күшті әсер ететін заттарды заңсыз иемдену, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Мұндай әрекеттер үшін бес жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.