5 млн теңге қарыз жаздыртып, ақшасын тартып алған: Шымкентте күдіктілер ұсталды

5 млн теңге қарыз жаздыртып, ақшасын тартып алған: Шымкентте күдіктілер ұсталды
ашық дереккөз

Шымкентте қылмыстық ортада «Дядя Ваня» лақап атымен танымал Иван Герр және тағы бірнеше күдікті ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Прокуратура, ҰҚК және полиция қызметкерлерінің бірлескен операциясы барысында күдіктілердің қала тұрғынынан қарыз өндірмек болғаны анықталған.

Тергеу мәліметінше, Герр мен оның сыбайластары ер адамды кездесуге шақырып, оған қысым көрсеткен. Нәтижесінде жәбірленуші 5 млн теңге қарызы бар екені туралы қолхат жазып, қолындағы ақшасын беруге мәжбүр болған.

Ер адам құқық қорғау органдарына арызданған. Осы дерек бойынша «Өзінше билік ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдіктілер ұсталып, қазір оларға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешіліп жатыр. Аталған адамдардың кінәсі сотта дәлелденгенге дейін олар кінәсіз деп есептеледі.