33 баланың өміріне қауіп төнді: Атырауда автобус батпаққа батып қалды

33 баланың өміріне қауіп төнді: Атырауда автобус батпаққа батып қалды
Видеодан скриншот

Атырау облысында 33 бала мінген автобус жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскеде балшыққа батып қалып, төтенше жағдайға тап болды. Оқиға Атырау – Индер тасжолының 178-шақырымында болған, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, сол бағытта қызмет атқарып жүрген патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Самат Даукенов пен Дәурен Жалауов оқиға орнына жедел жетіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кіріскен.

Полицейлер жағдайды бағалап, жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйым өкілдерін көмекке шақырған. Арнайы техниканың көмегімен автобус балшықтан шығарылып, қауіпсіз аймаққа жеткізілді.

Құтқару жұмыстары барысында алғашқы сүйреу кезінде трос үзіліп кеткенімен, тәртіп сақшылары қажетті құралдарды ұйымдастырып, автобусты жолдың қауіпсіз бөлігіне шығаруға ықпал етті.

Жедел әрі үйлесімді әрекеттің арқасында автобустағы 33 баланың өміріне қауіп төндірмей, көлік қозғалысын жалғастыруға мүмкіндік жасалды.

Айта кетейік, бұған дейін Семейде екі бала суға батып қаза болған еді.