Алматыда зейнеткер әйелді телефон алаяқтарының құрбаны болудан сақтап қалған курьер Нартай Есімханов марапатталды. Оның қырағылығы мен азаматтық жауапкершілігі қылмыстың алдын алуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға курьер кезекті тапсырысты орындау кезінде болған. Нартай зейнеткер әйелден ішінде жеке заттары бар пакетті қабылдап алған. Алайда оның мазасыз күйде болғанын және пакеттегі заттар туралы нақты жауап бере алмағанын байқаған.
Жағдайдың күмәнді екенін түсінген курьер жеткізуді жалғастырмай, бірден полицияға хабарласқан. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары әйелдің телефон алаяқтығының құрбаны болғанын анықтады.
Алаяқтардың сөзіне сенген зейнеткер 3 мың АҚШ долларын джинсы шалбарының қалтасына салып, оны пакет арқылы курьерге бермек болған. Нартайдың дер кезінде жасаған әрекетінің арқасында қылмысқа жол берілмей, әйелдің барлық қаражаты өзіне қайтарылды.
Азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігі үшін Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов курьерге алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.
«Бүгін біз полиция қызметкері болмаса да, өз әрекетімен азаматтарды қылмыстан қорғауға елеулі үлес қосқан азаматқа құрмет көрсетіп отырмыз. Осындай бейжай қарамайтын адамдардың арқасында қылмыстың алдын алуға мүмкіндік туады», – деді Айдын Кабдулдинов.
Ал Нартай Есімханов сол сәтте жағдайды жүрек қалауымен бағалағанын айтты.
«Әжейдің көзіне қараған сәтте оның қатты қорқып тұрғанын түсіндім. Сол кезде өз анам есіме түсіп, "егер оның орнында менің анам болса ше?" деген ой келді. Сондықтан бірден полицияға хабарластым», – деді ол.
Курьер әріптестерін де қарт адамдарға ерекше назар аударып, күмәнді жағдайларда бірден полицияға хабарласуға шақырды.
«Мүмкін, дәл сіздің қоңырауыңыз қылмыстың алдын алып, біреуді үлкен шығыннан сақтап қалар», – деді Нартай Есімханов.