Синтетикалық есірткі саудасы мен қылмыстық кірістерді заңдастырумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың жетекшісі деп күдікке ілінген Украина азаматы Польшадан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратураның хабарлауыншка, күдікті халықаралық қылмыстық топты ұйымдастырып, оған жетекшілік еткен. Ол Telegram желісіндегі «Kaef Mafia» интернет-дүкені арқылы есірткі және психотроптық заттарды байланыссыз тәсілмен сатуды жолға қойған.
Арнайы прокурорлардың дерегіне сәйкес, қылмыстық әрекет барысында банк шоттары арқылы 2,8 млрд теңгеден астам қаржы айналымға түскен. Кейін бұл қаражат мемлекет пайдасына тәркіленді.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде қылмыстық топ мүшелерінен 1,2 келіден астам есірткі және психотроптық заттар тәркіленген.
Прокуратураның мәліметінше, қылмыс әшкереленгеннен кейін топ мүшелерінің бір бөлігі сотталған. Ал ұйымдастырушы ретінде күдікке ілінген азамат тергеуден жасырынғандықтан халықаралық іздеуге жарияланған.
Күдікті өткен жылдың желтоқсан айында Польша аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Заң бойынша оған тағылған айыптар дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.