2,5 млн теңге ұрлаған: Атырауда азық-түлік дүкендерін торыған күдікті қолға түсті

2,5 млн теңге ұрлаған: Атырауда азық-түлік дүкендерін торыған күдікті қолға түсті
Polisia.kz

Атырауда бірнеше азық-түлік дүкенінің кассасынан ақша ұрлады деген күдікпен 30 жастағы ер адам ұсталды. Соңғы ұрлығында ол дүкен кассасынан 2,5 миллион теңгені қолды еткен, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, күдікті криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықталған.

Тергеу барысында оның қаладағы бірнеше азық-түлік дүкенінің кассасынан әртүрлі көлемдегі ақшаны жасырын жымқырғаны белгілі болды. Соңғы эпизодта келтірілген шығын көлемі 2,5 миллион теңгені құраған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Іс бойынша өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Полиция азаматтар мен кәсіпкерлерді ұрлықтың алдын алу үшін жеке мүлік пен ақша қаражатының сақталуына жауапкершілікпен қарауға шақырды.