24 қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Синоптиктер жаңбыр, найзағай және желдің күшеюін болжады. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсуі мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
«Қазгидромет» мәліметінше, атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің көптеген өңірінде жаңбыр жауады. Батыс облыстарда жауын-шашын аз болып, ауа райы салыстырмалы түрде құрғақ сақталады.
Күндіз ауа температурасы батыста +20…+28°C, солтүстік-батыс пен солтүстікте +10…+17°C, оңтүстік және оңтүстік-шығыста +20…+25°C аралығында болады. Таулы аймақтарда ауа температурасы +10…+15°C шамасында сақталады.
Еліміздің шығыс бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал. Кей өңірлерде жел күшейеді.
Синоптиктердің болжамынша, 24 қыркүйектен бастап көптеген өңірде күн салқындайды. Ал солтүстік облыстарда 25–26 қыркүйекте түнгі уақытта ауа температурасы 1–2 градусқа дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін.
Ал Алматыда 24 қыркүйекте күндіз шамамен +23°C, жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Таңертең +14°C шамасында болады.