Freedom Inside '26

230 млн теңге қарыз: Шымкентте мыңдаған борышкерге шектеу қойылуы ықтимал

230 млн теңге қарыз: Шымкентте мыңдаған борышкерге шектеу қойылуы ықтимал
gov.kz

Шымкентте мүлік салығы бойынша берешек көлемі 230 миллион теңгеге жетті. Қарызын өтемеген азаматтардың саны 29 мыңнан асты, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Шоқан Омарбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, берешегі 1 АЕК-тен асатын азаматтардың материалдары жеке сот орындаушыларына жолданады. Одан кейін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылып, борышкерлердің банк шоттары бұғатталып, мүлкіне шектеу қойылады. Ал қарыз көлемі 40 АЕК-тен асқан жағдайда шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкін.

Шоқан Омарбектің сөзінше, мүлік салығы тұрғын үйдің бағалау құнына қарай есептеледі. Оған нысанның орналасқан жері, салынған жылы, құрылыс материалы, көлемі мен тозу деңгейі әсер етеді. Құрылыс материалы қымбат әрі үй көлемі үлкен болған сайын оның бағалау құны да жоғарылайды.

Сондай-ақ биылдан бастап пәтерін жалға беретін азаматтар үшін салық төлеу тәртібі жеңілдетілген. Ай сайынғы табысы 1,3 миллион теңгеден аспайтын азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, Kaspi.kz немесе E-Salyq Business қосымшалары арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өте алады. Бұл жағдайда салық декларациясын тапсыру және жеке табыс салығын төлеу талап етілмейді. Тек табыстың 4 пайызы көлемінде әлеуметтік төлем аудару жеткілікті.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте көлік салығы бойынша берешегі 250 АЕК-тен асқан 44 жүргізушіге қатысты жүргізуші куәлігінен айыру мәселесін қарау үшін сот органдарына ұсыныс жолданған болатын.