Freedom Inside '26

23 маусымға арналған болжам: ыстық 41 градусқа дейін жетеді

23 маусымға арналған болжам: ыстық 41 градусқа дейін жетеді
astanatv.kz

«Қазгидромет» РМК еліміздің көптеген өңіріне 23 маусымға арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, бірқатар облыстарда ауа температурасы 40-41 градусқа дейін көтеріліп, найзағай, бұршақ, дауыл және шаңды дауыл күтіледі, деп хабарлайды ult.kz.

Ең жоғары температура Алматы облысының солтүстігінде, Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында тіркелмек. Бұл өңірлерде күндіз ауа температурасы 40-41 градусқа дейін жетеді деп болжанып отыр.

Елордада 23 маусым күні күндіз шаңды дауыл соғып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріліп, жоғары өрт қаупі сақталады.

Алматыда күндіз 35 градусқа дейін ыстық болады. Қала аумағында жоғары өрт қаупі сақталады. Ал Шымкентте солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 метрге дейін жетеді.

Солтүстік өңірлерде ауа райы құбылмалы болады. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында да найзағайлы жаңбыр, дауыл және кей өңірлерде шаңды дауыл болжанған. Сонымен қатар Қызылорда мен Маңғыстауда желдің күшеюі және шаңды дауыл тұрғындарға қолайсыздық тудыруы мүмкін.

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында желдің екпіні 25 метрге дейін жетіп, өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жетісу облысында Алакөл көлдері ауданында желдің жылдамдығы кей уақытта 23-28 метрге дейін күшеймек.

Синоптиктердің мәліметінше, аптап ыстықтың әсерінен Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды, Ақмола және басқа да бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға, ашық от жақпауға және ауа райы болжамдарын қадағалап отыруға шақырды.